Гүлшоғырлар түрлері,гүл құрылысы мен маңызы

Предмет: Биология
Категория материала: Презентации
Автор:

Гүлшоғыр деп гүл шығаратын өркенде белгілі ретпен орналасатын ұсақ гүлдер тобын (жиынтығын) айтады (1,2-суреттер). Гүлшоғырлар сабақтың ұшында дамиды. Өсімдік түріне байланысты бір гүлшоғырда гүлдердің саны екіден бірнеше жүзге дейін жетеді. Кез келген гүлшоғырдың негізгі сабағы, тарамдалған жанама сабақшалары бар. Негізгі сабағының бұтақтануына қарай гүлшоғырлар жай және күрделі болып екі топқа бөлінеді.

Жай гүлшоғырларының жанама сабақшалары бұтақтанбайды, оның ұшы гүлмен бітеді. Мысалы: шашақ, жай масақ, собық, жай шатыр, шоғырбас (шоқпарбас), себет гүлшоғырлары жатады (1-сурет).                    

Шашақгүл             Жай масақгүл                         Собықгүл

       

Жай шатыргүл                       Шоғырбасгүл                           Себетгүл

1-сурет. Жай гүлшоғырлар.

            Шашақ гүлшоғырдың жеке гүлдері орталықтан таралатын сабаққа гүл сағақтары арқылы кезектесіп орналасады. Сабақ ұшына жақындаған сайын сағақтары қысқарып, ұшындағы гүлі ең соңында ашылады (қарақат, қырыққабат, мойыл, мия, қараған). Кейде шашақ гүлшоғырда 2 немесе 4 гүл ғана болады, мысалы: шеңгел, асбұршақ, жабайы бұршақ және т. б. Жай масақ шашақ гүлшоғырына өте ұқсас. Айырмашылығы – гүлдері сағақсыз бекінеді (жолжелкен). Собық масақ гүлшоғырына ұқсас. Айырмашылығы орталық негізгі сабағы жуан және жамылғы орама жапырақтары бар (жүгері, калла). Жай шатыр гүлшоғырының негізгі сабағы қысқарады. Оның дәл ұшынан сағағы ұзын біркелкі шоғырланған бірнеше гүлдер бір жерден шығып таралады (пияз, адамтамыр (женьшень), наурызшешек, ақшұнақ). Шоғырбас гүлшоғырында қысқарған жуан негізгі сабаққа сағақсыз гүлдер топтанып тығыз орналасады (беде). Себет гүлшоғыры қысқарған әрі жалпақ. Жуан негізгі сабаққа ұсақ гүлдер орналасады. Оның жиегін (айналасын) жасыл түсті орама жапырақтар қоршап тұрады (күнбағыс, бақбақ, өгейшөп, гүлкекіре). Күрделі гүлшоғырлар жай гүлшоғырлардың ары қарай бірнеше қайтара бұтақтануынан пайда болады. Олар: күрделі шашақ (сыпыртқы гүлшоғыр деп те атайды), күрделі масақ, сырға, күрделі шатыр. Күрделі шашақ (сыпыртқы гүлшоғыр) негізгі сабақтан бұтақтанып, гүлдері екі қатарда шашақталады. Жанама бұтақтануы ұшына жақындаған сайын кішірейеді (жүзім, гүлшетен, тары, күріш). Күрделі масақ – орталық сабаққа бірнеше жай масақша гүлдер топтанады. Әр масақшада 2-3 гүлден болады (бидай, қарабидай, бидайық). Сырға гүлшоғыры масақ пен шашақ гүлшоғырына ұқсас (2-сурет). Айырмашылығы – негізгі орталық сабағы иілгіш, гүлдеп болған соң тұтас үзіліп түседі (қайың, терек, тал, көктерек).

Күрделі шатыр – жай шатыр гүлшоғырынан құралады. Себебі жай шатырдағы жеке гүл сағақтарында бірнеше гүлден топталып, шоғырланған (сәбіз, балдырған, аскөк).                

Күрделі шашақ (сыпыртқы)      Күрделі масақ             Күрделі шатыр  

Қайыңның сырға гүлшоғыры

2 -сурет. Күрделі гүлшоғырлар.

Гүл мен гүлшоғырлардың маңызы Гүлді реңі, пішіні, аңқыған хош иісі үшін мәдени түрде гүлзарларда өсіреді. Гүлдердің хош иісі бөлініп шығатын эфир майына байланысты. Гүлдер медицина мен парфюмерияда кеңінен қолданылады. Медицинада түймедағы, жөке, қырмызыгүл және т. б. гүлдердің шипалық қасиеті болғандықтан, оларды кептіріп, дәрінің құрамына қосады. Қалампыр, банан гүлшанақтарынан татымды дәм жасалады. Жөке, қарамық гүлдерінің шірнелері балдың дәмін кіргізеді, хош иіс береді. Гүлшоғырларда жеке тұрғанда байқалмайтын өте ұсақ гүлдер жинақталады. Олар тозаңдану кезінде жәндіктерге (көбелек, ара, қоңыз) тез байқалады. Тозаңданған гүлдер ғана жеміс беріп, тұқымын таратып көбейеді.

Тип материала: Презентация Power Point (ppt)
Размер: 3.4 Mb
Количество скачиваний: 197
Просмотров: 518

Похожие материалы